Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесі
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы № 638 «Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесін бекіту туралы» бұйрығына 2010 жылы өзгерістер енгізілді (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 21 қаңтарда № 14 бұйрығы, Әділет министрлігінде 2010 жылы 1 ақпанда № 6023 болып тіркелді).
Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына (бұдан әрі - жоғары оқу орындары) жалпы орта, кәсіптік бастауыш (техникалық және кәсіптік), кәсіптік орта (орта білімнен кейінгі) және жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар қабылданады.
2.Жоғары оқу орындарында студенттер контингентін қалыптастыру бюджеттік қаржыландыру мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырысты (білім беру гранты) орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты мен басқа қаражат көздері есебінен оқуға төлеу арқылы жүзеге асырылады.
Білім беру гранты Қазақстан Республикасының азаматымен бірдей басқа мемлекет азаматы болып табылатын қазақ ұлтының өкілдеріне, Қазақстан Республикасында тұрғылықты тұратын шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ тұлғаларға, сондай-ақ Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Қырғыз Республикасының азаматтарына беріледі.
Басқа шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар жоғары оқу орындарына (бұдан әрі - ЖОО) Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген, сондай-ақ Қазақстан Республикасында бекітілген халықаралық шарттарға сәйкес қабылданады.
3.Жоғары оқу орындарына азаматтарды қабылдау ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі - ҰБТ) немесе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі - ҰТО) әзірлеген технология бойынша өткізілетін кешенді тестілеудің нәтижесі бойынша берілген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негізде азаматтардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
4.ҰБТ ағымдағы жылғы жалпы орта білім беретін ұйымдардың бітірушілері үшін өткізіледі.
Кешенді тестілеу өткен жылдардағы жалпы орта білім беретін ұйымдардың бітірушілері, бастауыш және кәсіптік орта оқу орындарын бітірушілер (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі), ҰБТ-ға қатыспаған халықаралық оқушылармен алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектепті бітірушілер, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын жалпы орта білім беретін мектепті бітірушілер, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері,сондай-ақ оқу орындарын шетелде бітірген азаматтар үшін өткізіледі.
5.Азаматтарды ақылы негізде оқуға қабылдауды жоғары оқу орындары жүзеге асырады.
6.Азаматтарды Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесінің комитетіне, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына қабылдау 1-қосымшаға сәйкес кешенді тестілеудің немесе ҰБТ сертификатындағы балдарға сәйкес жүргізіледі.
7.Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтарды жоғары оқу орындарына медициналық мамандықтардан басқа ақылы негізде қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас мамандықтарға қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Ұқсас мамандықтарға қабылдау бекітілген тізбеге сәйкес өткізіледі.
Кәсіптік жоғары білімі бар (жоғары) азаматтарды жоғары оқу орындарына ақылы негізде қысқартылған мерзімде оқуға қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
8. Екі немесе одан көп елдер арасында мемлекетаралық келісімдер бойынша құрылған халықаралық жоғары оқу орындарына мемлекеттік тапсырыс негізінде белгіленген квота бойынша шетел азаматтарын қабылдауды жоғары оқу орындары дербес түрде жүзеге асырады.
Шетел азаматтарын ақылы негізде шетел тілінде оқытуға қабылдау жоғары оқу орындары оқыту тілінде жүргізетін кешенді тестілеудің нәтижесі бойынша жүзеге асырылады.
9. Оқу орындарына оқуға қабылдау кезінде Техникалық және кәсіптік, орта оқу орнынан кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 наурыздағы № 296 қаулысымен бекітілген қабылдау квотасы белгіленеді.
Ауылдық білім беру ұйымдарын бітірген азаматтар үшін Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдау квотасы белгіленген бакалавр және жоғары арнайы білім мамандықтарының тізбесі осы Қабылдаудың үлгі ережесінің 2-қосымшасына сәйкес белгіленеді.
10.Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеуді талап ететін жоғары білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша оқуға қабылдауды ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты бар білім беру ұйымдары жүзеге асырады.
11.Азаматтарды арнаулы немесе шығармашылық дайындықты (бұдан былай - шығармашылық мамандықтары) қажет ететін мамандықтарға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар (бұдан былай - шығармашылық емтихандар) нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады.
12. Кешенді тестілеуге қатысуға өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 9 шілде аралығында жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.
Шығармашылық мамандықтарға өтініштерді қабылдауды 20 маусым мен 1 шілде аралығында ЖОО қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
Шығармашылық мамандықтарға түсетін азаматтар тек қана бір шығармашылық мамандықты көрсетеді.
6-тармақта көрсетілген мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына өтініштерді қабылдау мерзімін тиісті мемлекеттік органдар белгілейді.
13. Шығармашылық мамандықтарға түсетін азаматтар өздері таңдаған ЖОО-ның қабылдау комиссиялары өткізетін шығармашылық емтихан тапсырады. Шығармашылық емтихандар саны - екеу.
Шығармашылық емтихан 2-7 шілде аралығында өткізіледі.
Шығармашылық емтихан бойынша ең жоғарғы балл саны - 25.
Шығармашылық емтихан бойынша 10 балдан төмен алған немесе емтиханға келмеген талапкерлер осы мамандыққа түсу үшін кешенді тестілеуге жіберілмейді.
Шығармашылық емтиханды қайта тапсыруға рұқсат берілмейді.
14.Шығармашылық мамандықтарға, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарынан басқа 6-тармақта көрсетілген мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты жоғары оқу орындарына түсу кезінде өтініштер ЖОО орналасқан жерде қабылданады.