С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш рухы және ұлт тілі» атты қазақ тілі апталығы өтті.

Ұлт тілінің мерейін асырған мерекенің өтуіне «Қазақ тілі» кафедрасы ұйытқы болды. С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен білім алушылары тіл мейрамын қазақтың дәстүріне сай сән-салтанатымен дүркірете тойлады. 

Апталықтың ашылу салтанатында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ic-шаралар, атап айтқанда: кітап көрмесі, ұлттық ойындар, сахналык көріністер, концерттік бағдарлама, салт-дәстүрлер, қолөнер және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады.

Апта бойы дәрісханаларда студенттер, магистранттар және окытушылар арасында жаппай жатжазу, студенттер арасында мәнерлеп оқу сайысы өтеді. Апталықты қазақ тілі пәнінен өзге ұлт өкілдерінің студенттері арасындағы университетішілік олимпиадамен қорытындылайды. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к, профессор Айман Зейнулинаның айтуынша, қазақ тілі апталығына «Алаш рухы және ұлт тілі» деп атау беріп, ғасыр бұрын ұлт мүддесі үшін аянбай күресіп, жандарын қиған алаш қайраткерлерінің ерлігін ұлықтауды, кейінгі жастарға насихаттауды мұрат етті. 

«Алаш зиялылары қоғамдағы маңызды жұмыстармен айналыса жүріп, куғын-сүргін азабына қарамастан тіл, әдебиет, публицистика, журналистика, сын, аударма салаларында, яғни Қазақ Елінің ғылымы мен мәдениетіне бай мұра калдырды. Алаш арыстары – табиғатынан асыл туған, айрықша дарынды жандар. Ұлт тарихында орасан орны бар айтулы датаны назардан тыс қалдырмай, жоғары деңгейде атап өту парызымыз. Өйткені, біздің бүгінгі Тәуелсіз ел болып отыруымыз дәл осы Алаш арыстарының арманы емес пе еді?!», – деді Айман Файзоллақызы.