Павлодарда ғалымдар мемлекеттік бағдарламаны талқылады, 18.07.2015

ПАВЛОДАР. 18 шілде. Павлодардағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінде Елбасының «Институционалдық бес реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасын түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихат жұмыстары бойынша отырыс өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жиынға республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Дана Каленова келді. Одан бөлек, отырыс жұмысына этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Еуразиялық инновациялық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы, колледждердің басшылары және облыстық ақпараттық топ мүшелері қатысты. Басқосуда ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі Дана Каленова 100 нақты қадамның әлеуметтік бағыттарын айрықша атап өтті. Отырыс соңында қатысушылар ЖОО мен колледж студенттеріне арналған «Қазақстан Республикасы этностары: тарих және заманауи уақыт» оқулығын, «Мәңгілік Ел – Қазақстанның ұлттық идеясы» оқу құралын жарыққа шығару, жоғары кәсіби білім берудің стандартына сәйкес «Мәңгілік Ел» пәнін енгізу, елімізде тұратын әртүрлі этнос өкілдері арасындағы еңбек, ғылым, өнер, спорт саласында жетістікке жеткен тұлғалар жайында деректі фильмдер, кітаптар, монографиялар шығару, «Нұрлы жол» шекаралас облыстарының болашағына жол» бағдарламасының ұлттық-мемлекеттік ерекшеліктерінің қалыптасуы туралы кешенді социологиялық зерттеу жүргізу сынды ұсыныстар қабылданды. Аталған университет Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға арналған еліміздегі негізгі 10 жоғары оқу орнының қатарында екенін айта кетейік.

Фарида Бықай

http://egemen.kz/2015/07/18/70424