Павлодарда Foundation факультеті алғашқы түлектерін ұшырды, 16.07.2015

ПАВЛОДАР. 16 шілде. Павлодардағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінің Foundation факультетінде биылғы оқу жылында алғаш рет шетелдік қазақ диаспорасы өкілдері, оралмандар мен шетел азаматтарына арналған даярлық бөлімі ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Бөлімнің мақсаты – еліміздің жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлердің жалпы білім беру дайындықтарының деңгейін көтеруге жағдай жасау.

2014 жылдың қазан айында университеткее Қытай, Моңғолия, Өзбекстаннан 50 тыңдаушы келді. Шетелдік тыңдаушылардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалды. Оларға жоғары оқу орнының және мектептің көп жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар, ең таңдаулы оқытушылары білім берді. Білім алушылар апта сайын сынама тестілеуден өтіп, қосымша ағылшын тілі мен орыс тілдерін игерді. Сондай-ақ, тыңдаушылар спорттық секцияларға, жарыстарға қатысты. Студенттік филармонияның көркем өнерпаздық үйірмелерінде өнер көрсетті. Оқу жылының соңында тыңдаушылар университеттегі оқу жайлы жақсы әсерлерімен бөлісе отырып, өз тарихи Отандарында білім алуға мүмкіндік туғызғанына, студенттер үйінде тұруға және сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалғанына алғыстарын білдірді.

Foundation факультетінің деканы, Айжан Кудерина білім алу үшін тарихи Отандарына келген тыңдаушыларға оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда қолайлы жағдай жасағандары үшін университет басшылығына алғыс білдірді. Енді бұл тыңдаушылардың еліміздің жоғары оқу орындарының студенттері атанатындарына сенім мол.

Фарида Бықай

http://egemen.kz/2015/07/17/70416