Университет пен институт ынтымақтастық меморандумын бекітті, 21.07.2015

Астана. 21 шілде. Baq.kz – С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты ынтымақтастық туралы екі жақты Меморандум бекітті. Құжатқа С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев пен «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты директоры Саясат Нұрбек қол қойды.

Меморандум елімізге бәсекеге қабілетті ұлттық кадрларды дайындау, еліміздің адами әлеуетін көтеру мақсатында азаматтық ұстанымы берік жастарды тәрбиелеу, қоғам мен мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыруына бағытталған ұлттық және стратегиялық бағдарламаларды іске асыру, ғылым, технология және инновацияны дамытуға атсалысатын жастарды қолдау мұратын көздеп отыр.

Құжатқа сәйкес, жастардың қоғамдық өмірге еркін араласу және ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайту мақсатында студенттердің тәжірибесі мен магистранттардың тағылымдамасын ұйымдастыру жүзеге асатын болады.

Бұдан басқа, бұл келісім бойынша «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институты енді соңғы курс студенттер, колледжден кейін университетке түскен студенттер мен магистранттар үшін тәжірибелер мен тағылымдамаларды ұйымдастырады. Сондай-ақ, біздің студенттер «Нұр Отан» партиясының филиалдарында тәжірбиеден өту мүмкіндігіне ие болады.

«Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институты директоры және белгілі қоғам қайраткері Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл Меморандумның екі жақққа да тиімділігі зор.

– Қоғамдағы жастардың арасындағы көптеген өзекті мәселелерді шешу қолымыздан келеді. Бәсекеге қабілетті мамандар дайындасақ, олардың жұмысқа орналасуы, одан кейінгі оның мансабы, табысты еңбегі қоғам игілігіне жұмыс жасайды, – деді Саясат Нұрбек.

Кездесу барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев осы құжат арқылы университет түлектерінің жұмысқа орналысуы, студенттер мен магистранттардың кәсіпорындардағы сапалы тәжірибесі мен тағылымдамасын қамтамасыз ету және жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік туғанын атап өтті.

– Жоғары оқу орындар тек білікті мамандарды ғана емес, азаматтық ұстанымы берік, елін сүйер патриот тұлғаларды тәрбиелеуі қажет, – деп ойын түйді университет басшысы.

http://baq.kz/kk/news/68677