Павлодарда «Институционалдық 5 реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» жобасы талқыланды, 17.07.2015

Астана. 17 шілде. Baq.kz – С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Институционалдық бес реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» жобасы талқыланды.

Жиынға Мемлекет басшысының «Институционалдық 5 реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» жобасын түсіндіру республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Дана Қаленова қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының өкілдері, университеттердің профессорлық-оқытушылық құрамы, колледждердің басшылары қатысып, пікірлерін ортаға салды.

«Біздің алдымызда Президент ұсынған мемлекеттік құрылыстың одан арғы «100 нақты қадамы» атты ұлт жоспарын егжей-тегжей зерделеп, пысықтау міндеті тұр. Бұл дегеніңіз, біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бірқатар жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіруіне бастайтын сара жол екені даусыз», – дейді С.Торайғыров атындағы ПМУ даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев.

Жиын барысында ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі Д. Каленова Елбасымыз қойған 100 қадам мәселесіне тоқталып, институционалдық бес реформаны жүзеге асыру жөніндегі жобаның әлеуметтік бағыттарын айрықша атап өтті.

«Елбасының бес институционалдық реформасы – еліміздің экономикасын дамытуға бағытталған жоба. Мен өз басым ұлттың жоспары белгіленген бұл құжаттың мемлекетіміздің өркендеуіне берері көп деп білемін», – деді Д. Қаленова.

Отырыс соңында қатысушылар ЖОО мен колледж студенттеріне арналған «ҚР этностары: тарих және заманауи уақыт» оқулығын, «Мәңгілік Ел – Қазақстанның ұлттық идеясы» оқу құралын жарыққа шығару, елімізде тұратын әртүрлі этнос өкілдері арасындағы еңбек, ғылым, өнер, спорт саласында жетісіткке жеткен тұлғалар жайында деректі фильмдер, кітаптар, монографиялар шығаруға қатысты ұсыныстар жасалды.

Айта кетерлігі, Павлодар мемлекеттік университеті – Президенттің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылған индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға арналған еліміздегі негізгі базалық 10 жоғары оқу орнының қатарында.

http://baq.kz/kk/news/68846