Студенттер «Аялы алақанның мейірі» атты қайырымдылық шарасын өткізді 09.07.2015

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттік филармониясының өнерпаздары «Аялы алақанның мейірі» атты қайырымдылық науқанын өткізді.

Қайырымдылық жасаушы студенттер «Мұрагер» қайырымдылық пансионаты, Павлодар облысының қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйі тұрғындарының көңілдерін өздерінің концерттік бағдарламасымен сый-сыйяпаттарымен шуаққа бөлеп қайтты. Қайырымдылық концерттің көрермендері өнерпаздардың шырқаған лирикалық әндері мен әуезді музыкалық композицияларына, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болды.

Жалпы, С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері волонтерлық қызметті өмірге деген ерекше көзқараспен және сезімталдықпен қабылдайды. Өйткені, жастардың еріктілер қозғалысы қиналған жанға мейірім шуағын шашқысы келіп тұрады. Және де бұл қызмет тағылымды да жарқын өмірді таңдаған студенттерді бір арнаға тоғыстырды.

Осы ретте, студенттердің барлығы да қолдауға шын мұқтаж жандарға қол ұшын беру туралы ойларына алар ме екен?, деген сұрау туындайды. Ал, «Аялы алақанның мейірі» науқанына қатысқан жастардың кейбірі үшін бұл кездесу жоғары оқу орнындағы жаңа өмірдің бастауы болса, тағы біреулер үшін қайырымдылық істерді жасау өмірге құштарлықты сыйлады, дейді.

«Бүгінгі ерекше көрермендеріміздің жанарынан алғыс пен шаттықты көріп, өзім қуанышқа бөлендім. Егер де кімде-кім көмекке зәру адамдарға көмектескісі келсе, олардың көзінен ризашылық пен риясыз махаббаты көргісі келсе, біздің волентерлық қозғалысқа қосылуына болатынын айтқым келеді. Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын», – деп қуанышымен бөлісті ПМУ-дың гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Гауһар Мұса.

Қарттар үйінің әлеуметтік жұмыстары бойынша жетекшісінің орынбасары Ғалия Жабағина қам көңіл қарияларды қоғамнан оқшаулауға болмайтындығын айтады. «Денсаулығы сыр берген 96 жасқа жеткен кейуана мен ақсақалдардың ертеңгі күннен күтері жақынының қамқорлығы, аялы алаққанның мейірі мен өзіне деген құрмет қана», – дейді Ғ. Жабағина.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жастар ісі комитеті төрайымы Ақбота Сарыбайдың айтуынша, бұл науқан жастарды үлкенді құрметтеуге, қайырымдылық, мейірімділік жасауды бойына сіңіріп, тәрбиелеуге бағытталып отыр. «Шындығында келгенде, күнделікті өмірде жанымыздағы адамға көтеріңкі көңіл-күй сылау үшін көп іс жасамаймыз. Ал бүгін волонтерлер көңілі қаяу қарияларға, жабырқау жүрген балаларға қуаныш, бақыт, мереке сыйлады, сол жасағанынан өздері де бақытқа бөленуде», – дейді А. Сарыбай.

Есенбек Санатұлы

http://www.oinet.kz/news/onir/i2071