«Павлодарда студенттік бал ұйымдастырылды», «Егемен Қазақстан» 04.12.2014

ПАВЛОДАР. 4 желтоқсан. Павлодардағы С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте студенттік ректорат белсенділерінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет «Студенттік бал» өткізілді.

Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бидің таңғажайып әлемі балды тамашалауға келген қонақтарды таңғалдырды. Студенттік балдың құрметті қонағы ретінде университет ректоры, профессор Серік Өмірбаев қатысты. Ол білім алумен қатар шығармашылық бағытта жан-жақты дамуға мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Аталған оқу орнының жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ақбота Сарыбайдың айтуынша, «Студенттік балды» ұйымдастыру үшін кастинг өткізілген, бал этикетін меңгеру, класикалық би өнерімен танысу сабақтары жүргізілген.

Қатысушылардың сәнді киімдері, ғажайып билері шараға әсерлі көрініс сыйлады. Би кешінде класикалық би үлгілері, полонез, полька, мазурка билері ұсынылды. Кештің екінші бөлімінде дебютанттар би, сахналық образ және вокалдық дарындарын байқайтын үй тапсырмаларын орындады. Студенттік филармония өнер көрсетті. Би соңында «Студенттік балдың» «Ханзадасы мен ханшайымы» болып Алмас Мәжит пен Махаббат Қанабекова атанды.

Фарида Бықай.

Сурет: Руфина Торпищева

04.12.2014 «Егемен Қазақстан»

http://egemen.kz/2014/12/04/44394