«Павлодарлық ғалым В.Лейбниц атындағы медальмен марапатталды», «Егемен Қазақстан» 04.12.2014

АСТАНА. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің металлургия кафедрасының профессоры техника ғылымдарының кандидаты Алексей Богомолов Вильгельм Лейбниц атындағы диплом мен медальді иеленді. Бұл туралы psu.kz хабарлады.

«Ғылыми-педагогикалық мамандарды аттестациялаудың халықаралық жүйесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясы (Германия, Мюнхен қаласы) шеңберінде өткен Халықаралық жаратылыстану академиясының құрметті ғылым докторларының сайлауында Алесей Богомолов құрметті ғылым докторы болып сайланды. Сондай-ақ, оған Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумы техникалық және физика-математикалық ғылымдар департаментінің шешімі бойынша инновациялық технологияларды өндіріске енгізу бойынша әрі техника ғылымдарының дамуына зор үлес қосқаны үшін ризашылық белгісі ретінде Вильгельм Лейбниц атындағы диплом мен медаль табыс етілді.

Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциумының марапаттар бойынша комиссиясының ескеруінше, Алексей Богомоловтың металдық материалдардың кешенді орнығуы, металлтану және металлдардың қыздырып өңдеуі, металлдарды қысыммен өңдеуі сынды жұмыстарын өндіріске енгізуге әбден болады.

Алексей Богомоловтың айтуынша, ол көміртекті және төмен қоспалы болаттардан жасалатын деформациялық-термикалық орнықтырудың инновациялық технологиясын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. «Бұл марапатты жетістіктерімнің белгісі деп қана емес, болашақта жаңа зерттеулер жасауға түрткі болатын мүмкіндік деп есептеймін», – деді ғалым.

Алексей Богомоловтың ғылыми-зерттеу жұмыстарының жемісті жетістігі елімізден тыс халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалуда. Ол Халықаралық ақпараттандыру академиясының (ХАА) корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы ғылыми-техникалық ұлттық сараптама орталығының сарапшысы, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры, Халықаралық жаратылыстану академиясының құрметті ғылым докторы. Бүгінде 150-ден аса ғылыми мақалалардың, өнертабыстардың 22 авторлық куәліктері мен патенттерінің, 9 оқу-әдістемелік құралдары мен 2 монографиялық жұмыстың авторы.

Жолдыбай Базар.

04.12.2014 «Егемен Қазақстан»

http://egemen.kz/2014/12/22/45614